Басты бет/ Қазақ өнерінің белгілері мен нышандары / Қазақ зергерлік өнерінің нышандық шығармашылығы /Сақина / жүзік
Артқа

 Сақина / жүзік

 

 

Сақина тұйық шеңбер ретінде тұтастық пен бірлікті білдіреді. Бұл түркілер арасындағы жүзік («жүз» зат есімінен және «ік» аффиксінен құралған) атауымен де расталады. «Жүзік» және «жүз» сөздерінің этимологиясын лингвист Е.Н. Жанпейісов [5] бірқатар материалдарды талдау негізінде рулық бірлестіктің ең жоғарғы сатысын белгілеуге көтереді.

 

Түркі мәдениетінде әйелдер мен ерлер сақиналарының әртүрлі түрлері мен пішіндері болған. Әйелдердің сақина тағуы міндетті болды, өйткені олар күшті тұмар деп саналды. Күміс сақинасыз дайындалған тағам «таза емес» деп саналды. Этнографтар сақиналар әйелдің белгілі бір тайпалық бірлестікке жататынын білдіретінін, иесінің жасын және оның мүліктік жағдайын көрсететінін атап көрсетеді.

 

Қазақ сақиналарының алуан түрлі топтамасында «құс тұмсық» және «құдағы жүзік» нышандық тұрғыда қаныққан болып табылады. Біріншісі қыздарға тән зергерлік бұйымдар санатына жатады. Этнографиялық деректерге сүйенсек, бойжеткеннің оны тағуы басының бос (тұрмысқа шықпаған) екенін білдірген. Өздеріңіз білетіндей, түркі мәдениетіндегі құс еркіндіктің ең көне нышаны болып табылады, сонымен қатар бұл сақинаның дизайны Ұмай немесе Хумаюн әйел құсының бейне-нышанынан бастау алуы мүмкін. Зерттеуші Т.А. Қышқашбаев «құс тұмсығы бейнеленген сақиналарда өркендеу идеялары көрініс табады, өйткені құс қазақ мәдениетіндегі бостандық, бақыт идеяларын бейнелейді, жақсылық күштерін білдіреді. Мұндай жүзік жорыққа аттанған жігітке берілгенде бәрі оның аман-есен елге оралу мәнін түсінетін» [6, 121 б.].

 

Қыздар сақиналарының түрлері оларды тағу ережелерін де белгіледі: бір түрін тек ортаңғы саусаққа (ата-анасынан айырылған қызға), екіншісін шылдыр шүмек саусаққа тағуға болатын. Әйелдерге ортаңғы саусаққа сақина тағуға қатаң тыйым салынды, әйтпесе, наным-сенім бойынша, туыстарының бірі қайтыс болады.

 

Халық арасында «құдағи жүзік» деп аталатын сақина екі саусаққа тағылатын үлкен бұйым болып табылады. Оны әдетте қалыңдықтың ата-анасы қыздарының болашақ қайын енесіне берді және ол екі бастаудың, екі отбасының және екі рудың бірлігін білдірді. Хакастарда да «чустук» деп аталатын үлкен құдағи жүзіктер болған.

 

Ерлердің субмәдениетінде жүзіктер прагматикалық және мәртебелік сипаттағы функцияларды атқарды. Мысалы, садақшы жауынгерлер жебені тартқан кезде қолын жіп қажамас үшін оларды бас бармағына тағып жүрді. Қазақтарда «тамшы тәрізді пішін билеуші элитаны сипаттаса, қасиетті тап – қожалар – дөңгелек пішінді жүзік-мөр, ақсақалдар мен батырлар саусақтарына сопақ, алмұрт тәрізді және төртбұрышты жүзіктер таққан» [6, 118 б.]. Түрікмендер арасында жүзіктерді белгілі бір (киелі кеңістікке байланысты) қызметпен байланысты ер адамдар – шаштараздар, қасапшылар және мәйіт жуушылар таққан.

Шайгозова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.
Скачать
.