Жоқтау – марқұм туралы ғұрыптық жоқтау жыры. Сөздің өзі «жоқ» – көне түркілердің «жерлеу», «көму» сөзінен шыққан. Нышандық тұрғыдан алғанда, бұл ән-жыр адамның адамдар әлемінен өлілер әлеміне өту рәсімін білдіреді. Жоқтау марқұмның денесі шығарылған сәттен басталып, жаназадан кейін көңіл айтушылардың қатысуымен орындалады. Жоқтаудың жалпы дәстүрлі сызбасын (композициялық бірлік, ырғақ, үндестік және т.б.) сақтай отырып, жоқтаушы әйел әр жолы нақты жағдайға қарай жаңаша құрастырады: жоқтау жырларында нақты тұрақты мәтін болмайды.
Жоқтау мәтінінде міндетті түрде марқұмның игі істері, жақсы қасиеттері тізіліп, оның өлімі күннің батуымен, жарықтың сөнуімен және т.б. салыстырылған. Марқұмның жағымды қасиеттері мен жақсы істерін жоқтауда тізбелеу оны о дүниеге, яғни өлілер әлеміне ерекше тілмен, яғни жоқтау әні тілімен «таныстыру» деп қарастыруға болады. Бұрынғылардың пайымдауынша, жоқтаулар өлілер әлеміне, бабалар әлеміне жақсы естілген.
Сонымен, жерлеу мен еске алу рәсіміне тән мәтін (жоқтау әні), қалыптар, ишаралар мен әрекеттер (шашты жаю, бетті тырнау және т.б.) бір ғана мақсатқа – өту үдерісін жеңілдетуге, әлемдер арасындағы шекараны сәтті еңсеруді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте, жоктауды жыл бойы тек әйелдер ғана және күніне екі рет – күннің шығуы мен батуы кезінде орындайды. С.Ш. Аязбекованың пікірі бойынша [1], жоқтаудың таңертең және кешке – күннің «туылуы» және «өлуі» кезінде орындалуы, ең алдымен, қасиетті уақыт – «жер мен көк әлемінің (аруақтар әлемі)» қосылу уақытына қатысты түсіндірілген.
Бұл үдерістегі әйелдердің айрықша рөлін С.Ш. Аязбекова әйелдің өлместіктің циклдік процесіне қосылуы және жаңа өмірдің пайда болуы туралы түсініктерімен түсіндіреді [1, 20 б.].